Қазақ елінің қалыптасып, бүгінгі өркениет бас­палдағына көтерілуіне қара алтынның тигізген үлесі зор. Бұл ретте ширек ғасырдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан Солтүстік Каспий жобасының орны бөлек. Бүгін біз сол айтулы жобаның басы-қасында болған, Қашаған кен орнын алғашқы ашушылардың бірі, әр жылдарда жеке мұнай-газ компанияларын басқарған және елімізде алғаш рет құрылған «Қазақстандық мұнайшылар мен геологтер қоғамы» бірлестігінің президенті лауазымын атқарған, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықовты әңгімеге тартқан едік.

Солтүстік Каспий жобасы: жетістіктер жолындағы 30 жыл

     – Балтабек Мұқанұлы, сіз Солтүс­тік Каспий жобасының бастауында болдыңыз, оның қалыптасуына белсенді қатыстыңыз. Бұл жобаның еліміз үшін маңызы туралы айтып беріңізші.

     – Мен Солтүстік Каспий жобасының негізін қалаушылардың бірі ретінде оған тікелей қатысым бар және оның болашағын әлі мұқият қадағалап келемін. Ең бірінші, Солтүстік Каспий жобасы еліміздегі теңіз мұнай-газ кен орындарын игеру бойынша алғашқы ірі жоба екенін айтуымыз керек. 1992 жылдың желтоқсанында Қазақстан Үкіметі Каспий теңізінің бізге тиесілі бөлігіндегі қорларды бағалау және игеру жөніндегі шешімін жариялады. Оны жүзеге асыру үшін 1993 жылғы 13 ақпанда теңіз операцияларын жүргізетін алғашқы мемлекеттік мұнай-газ компа­ниясы – «Қазақстанкаспийшельф» құрыл­ды. Ал 1993 жылғы 9 маусымда Ми­нистрлер Кабинетінің қаулысымен Кас­пий теңізінің бізге тиесілі бөлігін игеру­дің мемлекеттік бағдарламасының І ке­зеңі бекітіліп, кейін 1993 жылғы 3 жел­­тоқ­санда «Қазақстанкаспийшельф» халық­аралық консорциумын құру туралы келі­сімге қол қойылды. Осы консорциум мүше­лері ретінде «Бритиш Газ» (Ұлы­британия), «Бритиш Петролеум» (Ұлы­британия),  «Статойл» (Норвегия), «Мобил» (АҚШ), «Шелл», Ұлы­бри­тания-Нидерланд), «То­таль» (Фран­ция) халықаралық мұнай ком­па­ния­лары кірді.

     Жұмыстар аяқталғаннан кейін Халық­аралық консорциум кемелердің, техника­ның, жабдықтардың, өтпелі және тайыз су аймақтарының екі теңіз партиялары бойынша аппаратуралардың толық жи­на­ғын, Атыраудағы жағалық базаны және гео­логиялық-геофизикалық дерек­терді өңдеу мен интерпретациялау зама­науи ор­талықтарды мемлекет менші­гіне тегін берді. Осы табыс етілген базалар, жаб­дық­тар, теңіз кемелері және т.б. не­гізін­де Қазақ­станда алғаш рет екі жергілікті сервис­тік компания – теңіздегі сейсмикалық жұ­­­­­мыс­тар бойынша «ҚазГеоШельф» және ха­лы­қаралық стандарттар бойынша гео­­­­ло­­гиялық-геофизикалық деректерді өң­­­деу және интерпретациялау бойынша «ҚазСейсмоШельф» компаниялары құрылды.

     Басталған жұмыстар біз үшін де, шетелдік серіктестер үшін де тың әрі болашағы бұлыңғыр болды. Өйткені еліміздің теңіз мұнай өнеркәсібі ол кезде енді ғана қалыптаса бастаған, ал шетелдік мамандар үшін Солтүстік Каспий картадағы экологиялық ахуалы нәзік және суы таяз жаңа орын еді.

     1994-1996 жылдары Каспий теңізінің бізге тиесілі бөлігі бойынша ауданы 100 мың шаршы шақырым алаңның үш (өтпелі, суы таяз және терең) аймағында әлемдегі ең заманауи және озық барлау технологиясы бар еді. Тәуелсіз үш теңіз партиясын пайдалана отырып, 26 180 шақырымдық сейсмикалық профильдер бойынша мәліметтер алынды және олар өңделді. Ол кезде теңіздегі сейсмикалық барлау жұмыстарының мұндай көлемі әлемдегі ең ірі жоба болған және өңдеу желісі теңіздің солтүстік және оңтүстік бөлігінің 4х4 шақырымға дейін қамтыған.

     Сондай-ақ халықаралық консорциум орындалып жатқан жұмыстардың Каспий теңізі экологиясына әсер етуіне қатысты үздіксіз мониторинг жұмыстарын жүргізді. Осы зерттеулер бойынша Каспий теңізінің бірегей экологиялық ахуалының картасы әзірленді, менеджмент жүйесі енгізілді және қауіпсіздік техникасы бойынша ішкі аудиттер жүргізілді.

     Осы жұмыстарды жүргізу барысында алғаш рет зерделену дәрежесі, өлшемдері және дамыту келешегі бойынша бір-біріне ұқсамайтын «Қашаған» алып құрылымы және «Қайраң», «Ақтоты», «Қаламқас-теңіз», «Ракушечное море», «Нұрсұлтан», «Дархан», «Құрманғазы» сияқты басқа да ірі құрылымдар, барлығы 200-ден аса оқшау құрылым анықталды. Олардың әрқайсысының мұнай қоры шамамен 100 млн тоннаға тең еді. Осы 10-ға жуық кен орнының барлығы да алғаш бұрғыланған іздеу ұңғымаларымен ашылып, оларды бұрғылаудың 100%-ға сәтті болғанын растады. Мысалы, сол жылдары әлемде бұрғылау бойынша 30% ғана сәтті болған. Ал қазақ жерін шимен шұқысаң, қара алтын ақтарылып жатты.

     2004 жылы «Болашақ» мұнай-газ кешенін дайындау қондырғысы құрылы­сының басталуы, 2006 жылғы шілдеде D аралында екі заманауи және озық теңіз қондырғысын пайдалана отырып бұрғылау жұмыстарына кірісу жоба тарихының жарқын істеріне айналды. Теңіз және құрлық кешендеріндегі ең ауқымды құрылыс пен монтаждау жұмыстары 2006-2010 жылдар аралығында жүргізілді. Дәл осы кезде жобада бір мезгілде 40 мыңнан аса адам жұмыс істеді.

     – Ал Қашаған кен орнын игеру де ел үшін елеулі оқиға екені рас. Оның алғашқы және қазіргі ахуалы туралы айта кетсеңіз?

     – Жоғарыда айтқандай, осыдан отыз жыл бұрын, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Солтүстік Каспийдің елімізге тиесілі бөлігінде мұнай өндірсек деген арман пайда болады. Жобаның бастапқы кезеңдерінде тарихта тұңғыш рет және барынша ауқымды теңіз кен орны – Қашағанды барлау және үйлестіру жұмыстарына қатысқан адамдар Солтүстік Каспийдің экологиялық және логистикалық ерекшеліктеріне байланысты орасан зор қиындықтарға тап келді. Сол мамандардың ерен еңбектерінің арқасында ел тарихында алғашқы теңіз аралдары пайда болды. 40 пайдалану ұңғымасы бар А аралы, D аралы және EPC-2, 3, 4 аралдары еді. D аралы Қашаған кен орнындағы алғашқы технологиялық өндіріс кешені болды, бұл жерде шикі мұнай өндіру және қышқыл газын жерастына кері айдау жұмыстары жүзеге асырылды.

     2008 жылы Қашаған кен орнын игеру үшін Солтүстік Каспий жобасына қатысушылар арасында шарт жасалып, сол шартқа сай North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім шеңберіндегі жұмыстардың операторы болып тағайындалды. Бүгінде операциялық компанияға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (16,88 %), италиялық «Eni», франциялық «Total», америкалық «ExxonMobil», ағылшын-голланд «Royal Dutch Shell» компаниялары (қатысу үлестері 16,81%-дан), қытайлық «CNPC» компаниясы (8,33 %), жапондық «Inpex» компаниясы (7,56 %) кіреді. Осылайша, Қазақстан мен әлемнің жетекші мұнай-газ компанияларынан тұратын Консорциум ынтымақтастықтың құқықтық негізін келісіліп, оның шеңберінде тәуелсіз жас мемлекеттің тарихындағы ең ірі жобаны тікелей шетелдік инвестициялар тарта отырып жүзеге асыру басталды.

     2016 жылы еліміздің тарихында тұң­ғыш рет Қашаған теңіз кен орнында мұ­­най­ды коммерциялық өндіру басталды. Мұ­найдың алғашқы миллион тоннасы 2017 жылдың басында экспортқа жөнелтілді және жыл ортасына қарай қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, мұнай өндіру деңгейі іс жүзінде тәулігіне 200 мың баррельден аса шамаға жеткізілді. 500 миллион баррель мұнайға тең өндірістік межеге 2021 жылғы қыркүйекте қол жеткізілді. Қазақстанның дамуы үшін маңызы өте зор осы бір ғаламат және бірегей жобаның қысқаша тарихи анықтамасы осындай.

     «Болашақ» мұнай-газды кешенді дайындау қондырғысының (МГКДҚ) құрылысы да осындай айтулы оқиға болды. Бұл қондырғыға түрлі елдерден Қашаған мұнайына арналған жабдықтар жеткізілді. Қазіргі кезде ондағы күкіртті мұнай мен күкіртті газ дайындау үш параллель технологиялық мұнай желісінде және екі параллель технологиялық газ желісінде жүзеге асырылып жатыр.

     – Тағы бір маңызды нысан Маң­ғыс­тау облысындағы Баутин базасы ғой?

     – Ол – Қашаған кен орнының теңіз операцияларына қолдау көрсетуді, теңіз кемелерінің жұмыстарын үйлестіруді, материалдар, жабдықтар және отын жеткізу мен сақтауды қамтамасыз ететін негізгі логистикалық қолдау базасы. Оның үстіне Баутин базасының негізгі қызметінің біріне Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім шеңберінде теңіз кешеніндегі өндірістік операциялардың бүкіл аумағында апаттық жағдай орын алған кезде мұнай қалдықтарын жою да кіретін еді.

     – Қарапайым тілмен айтқанда, атал­ған алпауыт мұнай компаниялары сол кен шыққан өңірдің экономикалық өсуіне қандай ықпал етті? Соның өтеуі ретінде не бере алды?

     – Мемлекеттік деңгейдегі экономикалық және кәсіптік мәселелерді шеше отырып, Батыс Қазақстан тұрғындарына демеушілік көмек көрсетілді. Инфляция және тапшылық етек жайған қиын кездерде Консорциум Атырау облыстық ауруханасына демеушілік жасап, оған қазіргі уақытқа дейін көптеген адам өмірін сақтап қалған қымбат тұратын «Жа­сан­ды бүйрек» аппаратын сатып алып берді. Атырау мен Ақтауда компанияның де­меушілік көмегімен басқа да бірнеше әлеу­меттік нысан тұрғызылды. Оның бәрі қазір­ге дейін халықтың қажетіне жарап отыр.

     Жұмыстар орындалып жатқан кезде 200-ден аса отандық маман Батыс мұнай компанияларының шетелдегі кеңселерінде теңіз геофизикалық мамандықтар бойынша кәсіптік дайындықтан өтті. Теңіздегі гео­логиялық барлау жұмыстарын өз бетімен жүргізу үшін теңіз инфрақұрылымы құрылды.

     Қазақстанға табыс етілген екі озық теңіз партиялары: өңдеу және интерпретация­лау кешендері, оқудан өткен жергілікті пер­­со­нал алдағы уақытта Арал теңізінің қа­зақ­стандық секторында және Батыс Қа­зақ­­станның басқа да өтуге қиын және бат­пақ­ты аймақтарында теңіз сейсмикалық бар­­лау жұмыстарын сәтті әрі халықаралық жо­ға­ры деңгейде жүргізуге мүмкіндік берді.

     Халықаралық консорциумның жұмыс­тары аяқталғаннан кейін барлау жұ­мыс­тарының екінші кезеңі жалғас­тырылды, соның ішінде анықталған мәні зор құры­лымдарда іздеу ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу туралы келісім 1997 жылғы қарашада Вашингтон қаласында Қазақстан мен ОКИОК халықаралық кон­сорциумы арасында болды. Келісім Қа­зақстанның тұңғыш Президенті мен АҚШ және халықаралық мұнай компаниялары басшыларының қатысуымен жасалды. 1998 жылдан бастап «Қашаған», «Қайраң», «Ақтоты», «Қаламқас-теңіз» және т.б. құрылымдарында іздеу ұңғымаларын бұрғылау арқылы көмір­сутегілерді барлау жұмысы басталды.

     Бұрғылануы 2000 жылғы маусымда аяқталған бірінші Шығыс Қашаған-1 іздеу-барлау ұңғымасы Қашаған кен орнын алғаш ашушы болды, оның тәуліктік дебиті 600 м³ мұнай және 200 мың м³ газ болды. Әлемдегі алып Қашаған кен орнының ашылғаны туралы 2000 жылғы жазда жарияланды. Екінші ұңғыма 2001 жылғы мамырда Қашаған құрылымының батыс бөлігінде бұрғыланды, ол Шығыс Қашаған-1 ұңғымасынан 40 км қашықтықта орналасты. Оның тәуліктік дебиті 540 м3 мұнай мен 215 мың м³ газға тең болды. Қашаған алып мұнай-газ кен орны Атырау қаласынан 80 км қашықтықта орналасқан. Ауданы 820 шаршы км-ге тең, мұнай-газ қабаттарының тереңдігі – 4 210-4 570 метр, ал теңіздің тереңдігі – 4-6 м, Қашаған кен орнының дәлелденген мұнай қоры 4,7 млрд тоннадан асады, ал газ қоры 3 трлн текше метрден көп. Бұл кен орны – әлемдегі соңғы 40 жыл ішінде ашылған ең ірі кен орындарының және теңіздегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі.

     Солтүстік Каспий бойынша ӨБК шеңберінде NCOC компаниясы жыл са­йын әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына бюджет бөледі. 2022 жылы осы бюджет 21,7 млн долларды құрады. 1998-2022 жылдар аралығында 226 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Мектептер, балабақ­шалар, ауруханалар, спорт нысандарын салу, сонымен қатар жолдар, электр желілері, су құбырлары сияқты инженерлік қамсыздандыру жүйе­лері мен жергілікті халыққа пайда тигізетін басқа да инфрақұрылымдық нысандарды салуға арналған қаражат Солтүстік Каспий жобасы шеңберіндегі негізгі қызмет жүргізіліп жатқан Атырау және Маңғыстау облыстары арасында тең бөлінеді.

     Қазіргі уақытта NCOC компания­сы осы қиындықтардың барлығына қара­мастан Қазақстандағы жетекші мұнай өндіруші компаниялардың бірі болып отыр. Алайда NCOC тек мұнай өндіруші компания ғана емес, сонымен бірге оның мыңдаған қызметкерін атап өткен дұрыс. Осы жетістіктердің барлығы бүкіл елдің мақтанышы болған білікті және білімді қызметкерлерсіз мүмкін болмас еді. Жоба басталған кезден компания қызметкерлерінің оқуына және кәсіби өсуіне қаржы бөлінді. Сонау 2002 жылдың өзінде компания жоғары оқу орындарының түлектерін халықаралық жобалар шеңберінде теориялық және практикалық жағынан оқытып, кейін компанияның болашақ өндірістік операцияларын орындау үшін жұмысқа орналастыруға бағытталған «арнайы жо­ба­лар» шеңберіндегі бірегей оқыту бағ­дар­­ламасын іске қосты. Персоналға инвес­тициялау арқасында жоба жүзеге асыры­лып жатқан 30 жыл ішінде күрделі теңіз кен орындарын игеру және теңіздегі опера­цияларды қамтамасыз ету саласында терең білімі мен білігі бар қазақстандық мұнай­шылар тобы өсіп жетілді, бұл жобаның бас­ты жетістіктерінің бірі осы болды.

     – Осы әлемдік деңгейдегі бірегей жобада жұмыс істеп жатқан бүгінгі ұжым мен келешек ұжымға қандай тілек айтасыз?

     – Биылғы 1 қыркүйекте Атырауда NCOC компаниясы мен Қазақстандық мұнайшылар-геологтер қоғамы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз операцияларының басталуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырған халық­аралық конференция өтті. Мұнай-газ саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған осы іс-шараға министрліктің және шетелдік ком­паниялардың өкілдері, сонымен қа­тар ардагер мұнайшылар қатысты. Осы кон­ференция­да теңіздегі операцияларының басталғаны және жүзеге асырылып жат­қаны туралы және алдағы жоспарлар мен Қашаған кен орнын пайдаланудағы қиындықтар және т. б. туралы көптеген баян­дама тыңдалды. Атап айтқанда, Қашаған кен орны Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі пайдалану тұрғысынан алғанда ең күрделі кен орны екені аталып өтті. Қиындықтар өндірістік қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге, инженерлік, логистикалық және эколо­гиялық проблемаларды шешуге байланысты және осы жобаны әлем­дегі ең ірі және күрделі өнеркәсіптік жобалар­дың қа­тарына қосып отыр. Қазіргі кезде жоба алдында Каспий теңізінің тайыз­дауына байланысты жаңа мәселелер туын­­дап отыр. Оның үстіне Қашаған кен орны­ның мұнайы парафинді болса да, оның құрамында 15% деңгейіндегі жоғары мөл­шерде күкіртсутегі және 4% деңгейінде көмір­қышқыл газ бар. Солтүстік Каспийде судың тайыздығына және қыстың қатты суық болуына байланысты теңіз түбіне орна­тылатын темірбетон құралымдары неме­се өздігінен көтерілетін платформалар се­кілді дәстүрлі бұрғылау және мұ­най өн­діру технологияларын пайдалану мүмкін емес. Қыстың суық жағдайларынан және сең жүруден қорғау үшін теңіз нысандары жа­санды аралдарда орнатылады, бұл – персонал­сыз жұмыс істейтін шағын бұрғылау аралдары және персонал қызмет көрсететін үлкен технологиялық кешендері бар аралдар.

     Еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов жақында Астана қаласында Каспий теңізінің қазақстандық қайраңын игеру жұмыстарының басталғанына 30 жыл толуына орай өткізілген салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп: «Барлау мақсатындағы бұрғылаудың басты нәтижесі Қашаған кен орнының коммерциялық ашылымы туралы хабарлау болды. Оның бірегейлігі – мұнай мен газ қорларының орасан зор болуы, алайда ол игеру жағынан алғанда күрделі кен орны», деп ерекше атап өтті. Ол сонымен бірге Қашаған кен орнында қазіргі кезде шамамен 90 млн тонна мұнай және 55 млрд текше метр газ өндірілгенін, сарапшылардың бағалауы бойынша келешекте Қашағанның өндірістік әлеуеті тәулігіне 1,6 млн баррель мұнай өндіруге жете алатынын, ал бұл жылына шамамен 75 млн тоннаға тең екенін хабарлады. Жобаға 60 млрд доллардан аса инвестиция тартылды, соның ішінде жергілікті қамтуды дамытуға 17 млрд доллар бөлінді, 10 мыңнан аса адам жұмыспен қамтамасыз етілді, ал құрылыс жұмыс­тарының шарықтау кезеңінде бұл жобада 40 мыңнан аса адам жұмыс істеді.

     Қашаған алып кен орны «Теңіз», «Қарашығанақ» сияқты басқа да алып мұ­най және газ кен орындарымен бірге елімізде ондаған жылдар бойына әлемдегі ірі мұнай өндіруші елдердің бірі болып қала беруіне мүмкіндік береді.

     Каспий теңізі – қазіргі кезде әлемдегі көмірсутегілер бойынша әлеуеті жоғары негізгі мұнайлы-газды өңірлердің бірі. Қазақстан Орталық Азияда қолай­лы жерде орналаса отырып, орасан зор кө­мірсутегі қорына, көмірсутегілерді экс­порт­тау үшін дамыған инфрақұрылымға ие бола оты­­рып, келешекте әлемдегі мұнай өн­діру­­ші елдер арасында негізгі рөл атқара ала­д­ы. Қазақстан дәлелденген мұнай-газ әлеуе­­тінің жоғары болуымен, мұнай-газ сала­сының 120 жылдан аса даму тарихымен, үнемі дамып жатқан тармақталған инфра­құрылымының, экспорттық магистралды мұнай және газ құбырларының болуымен, мұнай-химия кешендерінің шап­шаң дамуымен және т.б. тартымды болып отыр.

     Қашаған кен орнын игерудің жоғарыда аталған жоспарларына байланысты мен осы бірегей жобаның бүгінгі және келешек ұжымдарына жобаға белсенді қатысуды, бел­гіленген жоспарларды сәтті орындап, табыстарға жетуді, осы жобаның әр қыз­мет­керіне мықты денсаулық, жеке жә­не отба­сылық бақыт, отбасына құт-бере­ке және өмірдегі барлық жақсылықты тілеймін.

     – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бақытбек ҚАДЫР,

«Egemen Qazaqstan»

preview