МАҢҒЫСТАУ                     Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.                  №81/10381/ 22 қазан 2024 ж.        7


Әділ НҰРМАНОВ

17 қазан күні 90 жасқа қараған шағында белгілі геолог-барлаушы Нұрманов Әділ Молдашұлы өмірден өтті. Ол 1934 жылы 5 қарашада Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылында дүниеге келген. Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін геология саласы бойынша (1957) бітірген. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылғанда өңірдегі барлау жұмыстарына қатысып, кейін көптеген барла экспедицияларына жетекшілік жасаған. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің тематикалық партиясының басшысы (1959 –1961), геологиялықіздестіру партиясының бас геологі, бас геолог, Маңғышлақ геофизикалық экспедициясының бастығы (1961–1994), «Маңғыстау геофизикалық экспедициясы» АҚ басшысы (1994–1999). Өзен, Жетібай, Солтүстік Бозашы, Қаражанбас, Қаламқас, сондай-ақ Теңге, Қарамандыбас, Доңға, Қарақұдық және т.б. кен орындарын алғашқы ашушылардың бірі. Ә.Нұрмановтың ерен еңбегі жоғары бағаланып, мұнай-газ кен орындарын игеруге және КСРО мен Қазақ КСР Мұнай өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Орден Трудового Красного Знамени» орденімен, «За заслуги в разведке недр СССР», «Ветеран труда» медальдарымен және т.б. төсбелгі, Құрмет грамотасы, алғыс хаттармен марапатталған, «Қазақстан Республикасының жер қойнауының құрметті барлаушысы», Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының Құрметті азаматы атақтары берілген. Өңірдің экономикасын, оның ішінде мұнай саласын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосқан Әділ Нұрмановтың есімі біздің, бүкіл Маңғыстау халқының есінде мәңгі сақталады. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, қадірлі Әділ Молдашұлы.

Н.Қилыбай, Ж.Матаев, Е.Ізбергенов, Т.Әбішов, Қ.Құлжанов,
А.Өрісбаев, Ә.Байпақов, Ж.Қайнарбаев, Р.Шалбаев, С.Төретаев, Ғ.Ниязов,
Е.Күмісқалиев, Р.Елтизаров, О.Әбділов, С.Төлетов.

 

ҚОШ БОЛ, АБЫЗ АТА, МАҢҒЫСТАУДЫҢ
АЛҒАШҚЫ КЕН АШУШЫСЫ, АРДАҚТЫ ГЕОЛОГ!

Маңғыстау өлкесі қазан айының 19-жұлдызында құрметті мұнайшы, геолог-барлаушы, Өзен, Жетібай, Солтүстік Бозашы, Қаражанбас, Қаламқас, Теңге, Қарамандыбас, Доңға, Еспелісай, Қарақұдық кен орындарын алғашқы ашушы азаматымен қоштасты.

Әділ Молдашұлы Нұрманов Маңғыстау облысының ірі мұнай-газ кен орындарын алғашқы ашушы, мұнай-газ кешенінің дамуына үлесін қосқан және жер қойнауын зерттеудегі біліктілігі мен бай тәжірибесін
студенттерге, жас мамандарға ерінбей үйретіп жүрген абыз геологтердің бірегейі еді.

Әділ Нұрманов 1934 жылы 5 қарашада Маңғыстау облысында дүниеге келген. 1957 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін геология саласы бойынша аяқтаған алғашқы түлектердің бірі.

Оқуын аяқтаған соң жолдамамен туған жеріне, Маңғыстауға оралады. Сол жылы «Маңғыстаумұнайгаз барлау» тресі құрылғанда, өңірдегі барлау жұмыстарына
қатысып, кейін көптеген барлау экспедицияларына жетекшілік жасаған. 1959 жылдан 1961 жылға дейін МНГР тресі партиясын басқарды. 1961–1994 жылдары-геологиялық барлау партиясының бас геологы, бас геолог, Маңғышлақ гео-
физикалық экспедициясының басшысы, 1994–1999 жылдары – «Маңғыстау геофизикалық экспедициясы» АҚ президенті лауазымын атқарып, 1999 жылдан бастап зейнеткерлікке шықты.

Өзен (1961 ж.) Жетібай (1961 ж.), Солтүстік Бозашы (1974 ж.), Қаражанбас (1974 ж.), Қаламқас (1985 ж.) кен орындарының еңбек сіңірген алғашқы кен орын ашушы (Теңге, Қарамандыбас, Доңға, Еспелесай, Қарақұдық және т.б. мұнай-газ кенорындары).

«Бозашы – Маңғыстаудың екінші тынысы» кітабының, «Мұнай және газ геологиясы» саласындағы көптеген ғылыми еңбектермен мақалалардың авторы. «Кен орындарын іздеу және дайындау мерзімін қысқарту бойынша» (1975 ж.) және
«Кен орындарының өнеркәсіптік қорларын іздеу барлау және бағалау» (1975 ж.) жұмыстарының (әдісінің) авторы.

«Еңбек Қызыл Ту ордені КСРО-ның мұнай-газ кен орындарын игеруге және «КСРО мен Қазақ КСР-нің Мұнай өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ең жоғары мемлекеттік наградасы» (1980 жылғы 13 мамыр), «КСРО жер қойнауын барлау үздігі» (7 ақпан 1980 жыл), «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай» медалі (1970жыл), «КСРО жер қойнауын барлауға сіңірген еңбегі үшін» медалі (1970 жыл), «Кен орын ашушы» медалі (1984 жыл), «Кен орын ашушы» медалі (1985 жыл), «Еңбек ардагері» медалі (1985 жыл), «Қазақстан мұнайына 100 жыл» медалі (1999 жыл), «Өзен кен орнына 40 жыл» медалі (2004 жыл), «Қазақстан Республикасының жер қойнауын құрметті барлаушысы» (3 қараша 2004 жыл), Ақтау қаласының «Құрметті азаматы Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысының Құрметті азаматы», Маңғыстау облысының мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін, Маңғыстау облысының мұнай-газ кешенінің дамуындағы қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісімен» (Ақтау қаласы 2011 ж.), «Қазақстан мұнайына 120 жыл» медалі (2019 ж), «Қазақстан мұнайына 100 жыл» медалі, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл 1941–1945» медалі (2015 ж.), Ресей Федерациясы Президентінің атынан «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл 1941–1945» медалі (2020 ж.), «Маңғыстау облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі (2013 ж), «Маңғыстау геология 50 жыл» медалі (2007ж), «Маңғыстау облысына 35 жыл» медалі, «Қаражанбас кен орнына 25 жыл»
медалі (2005 ж.) «Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі (2014 ж.), «Қаражанбас кен орнына 30 жыл» медалі (2010 ж.), «KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешенін дамытудағы кәсіби сіңірген еңбегі үшін» (2019 ж.), «Қаражанбас кен орнына 50 жыл» медалі (2024 ж.) «Қазақстан мұнайына 125 жыл» (2024 ж.) медальдарымен марапатталған.

Әділ Нұрманов – 1974 жылдың 26 қаңтар күні Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай фонтанының атқылауына тікелей себепші болған геолог. Сондықтан оның есімі мұнай-газ саласы тарихында алтын әріппен жазылған.

Маңғыстау геологтары атынан Әділ Молдашұлының жанұясына қайғысына ортақтасып марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деп көңіл білдіреміз.

Маңғыстау геологтары.